Бүгін Астанада Ислам ынтымақтастығы ұйымының Азық-түлік қауіпсіздігі күніне арналған дөңгелек үстел отырысы өтті. Айтулы күнге орай, арнайы ұйымдастырылған дөңгелек үстел отырысына ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев, фракция мүшесі, Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов, сондай-ақ ҚР Үкіметінің, дипломатиялық корпустың, халықаралық ұйымдардың, академиялық орта өкілдері мен даму жөніндегі серіктестер қатысты.
Серік Егізбаев жиналған қауымды Азық-түлік қауіпсіздігі күнімен құттықтай келе, Ислам ынтымақтастығы ұйымының ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету салаларында халықаралық ынтымақтастықты күшейтудегі маңызына тоқталды.
Серік Рахметоллаұлы өз сөзінде ұйым бастамасымен аграрлық саланың дамуына оң әсер ететін бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатқанын айта келе, су шаруашылығы саласындағы инфрақұрылымды жаңғырту мен жаңарту жұмыстармен қатар, ауыл шаруашылығында су үнемдейтін технологияларды кеңінен енгізу бойынша бастамалар мен жобаларды жүзеге асыру керектігіне назар аударды. Сондай-ақ, Ислам ынтымақтастық ұйымының оған мүше-елдерде және өңірлік деңгейде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірлескен шешімдер қабылдауда және өзара уақтылы көмек көрсетуде елеулі роль атқаратынын айта келе, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, елдер арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдірді.
Өз кезегінде Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының Бас директоры Берік Арын ұйымның тұрақты, инклюзивті және өміршең азық-түлік жүйелерін қалыптастыруға берік ұстанымын растап, ИЫҰ өңірінде азық-түлік қауіпсіздігін ілгерілету мақсатында мүше мемлекеттер мен серіктестерді ұйыммен өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге шақырды.
