Бүгін Мәжілісте «Ауыл» партиясы депутаттық фракциясының басшысы, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен аталған комитеттің кезекті отырысы өтті.
Күн тәртібі аясында басқа комитеттен келіп түскен Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы бойынша қорытынды талқыланып, бекітілді. Одан соң, бал ара шаруашылығына қатысты заң жобасы бойынша жұмыс тобының құрамы қаралды, басқа комитеттерден келіп түскен заң жобалары бойынша жауаптылар нақтыланды.
Отырыс барысында шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру немесе оны ұзарту үшін алым мөлшерлемелері мәселесі қызу талқыланды. Өңірлік кәсіпкерлердің айтуына қарағанда, аграрлық салада еңбек мигранттарын тарту мәселесі өзекті. Өйткені, ауылдарда жұмыс күшінің тапшылығы байқалуда. Ал шетелдік жұмыс күшін, соның ішінде Өзбекстаннан жұмысшыларды тарту үдерісі қазіргі таңда аса күрделі әрі көптеген бюрократиялық кедергілермен байланысты болып отыр. Мысалы, тиісті комиссияның қарауына құжаттарды кемінде 3 ай бұрын тапсыру қажет және оның нәтижесінде рұқсатнама тек 3 айға ғана беріледі, ал комиссияның отырысы жылына 1 рет қана өтеді. Сондай-ақ, шетелдік жұмыс күшіне қарастырылған квотада механизатор, комбайнер секілді т.б. ауыл шаруашылығы үшін аса маңызды мамандықтар ескерілмеген. Бұл, әрине, агроөнеркәсіп кешенінің нақты қажеттіліктерін ескере отырып, реттеу тетіктерін қайта қарауды қажет етеді.
Аталған мәселенің өзектілігі ескеріле отырып, оны жауапты министрліктер өкілдерінің және өңірлерден сала кәсіпкерлерінің қатысуымен, комитеттің келесі отырысының күн тәртібінде қарау жайында шешім қабылданды.
