Құрылтай депутаттарын сайлау қарсаңында «Ауыл» партиясының Республикалық сайлауалды штабына Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) халықаралық байқаушылар миссиясы келді. Кездесу барысында миссия мүшелері штабтың жұмысымен, сайлау науқанының өту барысымен және партияның сайлаушылармен жүргізіп жатқан жұмысымен танысты.
Делегация құрамында байқаушылар миссиясының жетекшісі, ТМҰ Бас хатшысының орынбасары Нуру Гулиев, ТМҰ жобалар директорлары, миссия мүшелері Мине Серткан мен Кундуз Рустембекова келді.
«Ауыл» партиясы атынан кездесуге партия төрағасының бірінші орынбасары Серік Егізбаев, сондай-ақ Республикалық сайлауалды штаб мүшелері Ерлан Қарабалаев, Нұрхат Ораш, Қуаныш Үсенов, София Абдуразакова, Гүлнара Давлетьярова және Азимхан Аусатов қатысты.
Кездесуде халықаралық байқаушыларға Республикалық және өңірлік штабтардың жұмысы, үгіт-насихат науқанының ұйымдастырылуы және кандидаттардың ел ішіндегі кездесулері туралы ақпарат берілді. Өңірлердегі жұмысқа, түрлі санаттағы сайлаушылармен пікір алмасуға және партия бағдарламасын халыққа түсіндіру барысына да жеке тоқталды.
Тараптар сайлау заңнамасының сақталуы, сайлау үдерісінің ашықтығы және науқанды өткізу тәртібі жөнінде пікір алмасты. Партия өкілдері байқаушылардың үгіт-насихат жұмысына, штабтардың қызметіне және дауыс беру күніне дайындыққа қатысты сауалдарына жауап берді.
Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы 23 тамызда өтеді.
