2026 жылғы 27 ақпанда Астана қаласында ауылдық елді мекендерден келген белсенді жастардың қатысуымен «Цифрландыру және жасанды интеллект» тақырыбында «Auyl Jastary» семинары өтті.
Семинардың басты мақсаты – жаңа Конституция жобасы бойынша алдағы референдумды талқылау, сондай-ақ пікір алмасуға арналған ашық диалог алаңын қалыптастыру.

Іс-шараны ашқан Ғалымжан Құсманғали өз сөзінде жаңа Конституция жобасы елдің ұзақ мерзімді даму бағдарларын айқындайтын стратегиялық құжат екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер қоғамның әділеттілікке, биліктің жауапкершілігін арттыруға және мемлекеттің құқықтық негіздерін нығайтуға деген сұранысын көрсетеді. Сондай-ақ олар заманауи әрі орнықты саяси жүйе қалыптастыруға бағытталған.
«Мемлекет басшысы бастамашы болған конституциялық реформа, сондай-ақ 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы, ең алдымен, жастарға бағытталған және олардың мүддесі үшін жүзеге асырылуда. Жаңа Конституция жобасына енгізілген идеялар мен құндылықтар жас буынның әлеуетін ашуға, жан-жақты өзін-өзі жүзеге асыруына, өз идеялары мен бастамаларын іске асыруына, сондай-ақ өмірлік энергиясын жеке дамуы мен ел болашағының игілігіне бағыттауына жағдай жасауға негізделген», – деді ол.

«С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті» КеАҚ-ның Басқарма мүшесі – Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Жазира Жазықбаева өз сөзінде:
«Бүгінгі «Auyl Jastary» семинары – цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде жастардың рөлін айқындайтын маңызды алаң. Цифрлық трансформация жағдайында біз тек технологиялық жаңашылдықтарды талқылап қана қоймай, ел болашағына қатысты саяси бастамаларға да белсенді үн қосуымыз қажет. Алдағы референдумды талқылау – ашық пікір алмасуға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және саналы таңдау жасауға бағытталған маңызды қадам», – деп атап өтті.
Семинар бөлімінде келесі спикерлер сөз сөйледі:
Айнұр Шошаева – журналист-фактчекер, фактчекинг және цифрлық қауіпсіздік бойынша медиатренер.
Светлана Сергеева – AI-маркетинг маманы, SMM, маркетинг және әлеуметтік желілерде ілгерілету саласының сарапшысы, AI технологияларын қолдануды оқыту бағыты бойынша маман.
Бижанова Әсемнұр – техника ғылымдарының магистрі, AI-маркетинг және e-commerce саласының маманы, сондай-ақ no-code және AI/automation құралдары бойынша сарапшы, digital-маркетинг, контент және копирайтинг бағытындағы эксперт.
Владислав Шевцов – Ұлттық биотехнология орталығы ғылыми қызметкері, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті КеАҚ докторанты, геномдық деректерді өңдеуде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдану бағыты бойынша зерттеуші.
Кездесу барысында жастарды шешім қабылдау үдерістеріне тарту мүмкіндіктері, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысу бастамалары, сондай-ақ жас ұрпақтың азаматтық белсенділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Іс-шара жаңа идеяларды қолдауға, жастардың көшбасшылық әлеуетін ашуға және елдің дамуына ықпал ететін әлеуметтік әрі кәсіпкерлік жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасауға бағытталды. Алаң қатысушыларды конструктивті диалогқа, тәжірибе алмасуға және нақты ұсыныстар қалыптастыруға біріктірді.
Шараға елорда жастары, студенттер мен еріктілер қатысты. Қатысушылар сарапшылардың жасанды интеллекттің мүмкіндіктері, оның күнделікті өмірде қолданылуы, цифрландыру үдерістеріндегі және маркетингтегі рөлі туралы баяндамаларын тыңдады.
«Auyl Jastary» семинары – жастар үшін жаңа мүмкіндіктер мен серіктестіктерге жол ашатын маңызды бастама.

