Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) республикалық референдумды бағалау жөніндегі миссиясының басшысы Дуглас Брюс Уэйкпен кездесу өткізді.
Халықаралық делегацияның Қазақстанға сапарының негізгі мақсаты – алдағы референдумның халықаралық стандарттарға, Қазақстанның ЕҚЫҰ аясындағы міндеттемелеріне және ұлттық заңнамаға сәйкестігіне кешенді баға беру.
Кездесуде Серік Егізбаев халықаралық байқаушыларды «Ауыл» партиясының елдегі ауыл тұрғындары мен аграрилер арасында жүргізіп жатқан ауқымды түсіндіру науқаны туралы егжей-тегжейлі хабардар етті. Сонымен қатар жастардың қатысуымен «Конституциялық реформа – ел дамуының ұзақ мерзімді негізі» және «Жаңартылған Конституция – тұрақты дамудың кепілі» тақырыптарында сарапшылық форумдар мен диалог алаңдары өткізілгені туралы айтты.
Партия басшысы алдағы дауыс беру өңірлердің болашақ дамуындағы шешуші кезең болатынын баса айтты.
«Халық пен қоғам қазір нақты өзгерістерді күтіп отыр. Тұрғындар референдумға үлкен үміт артуда. Ауыл тұрғындары үшін бұл жай ғана құқықтық рәсім емес, ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық және мәдени өсуінің берік негізін қалау мүмкіндігі», – деді Серік Егізбаев.
Кездесу соңында Дуглас Брюс Уэйк «Ауыл» партиясының басшылығына ашық диалог үшін алғыс айтып, Миссияның алдағы жұмыс жоспарлары туралы хабарлады.
