16 маусым 2026
Ауыл партиясы
АГРОБАНК ҚҰРУ ЖӨНІНДЕГІ ЖҰМЫС ЖАЛҒАСУДА

АГРОБАНК ҚҰРУ ЖӨНІНДЕГІ ЖҰМЫС ЖАЛҒАСУДА

16 маусым 2026Автор

«Ауыл» партиясы белгілі қаржыгерлер мен аграрлық сектор сарапшыларының қатысуымен мамандандырылған қаржы институты – Агробанк құру мәселесін талқылады. Қатысушылардың пікірінше, бұл институттың пайда болуы мемлекеттік қолдаудың тиімділігін айтарлықтай арттырып, ауылдық аумақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.

Талқылау барысында белгілі экономист әрі қаржы сарапшысы Айдархан Құсайынов жоба тұжырымдамасын Агроөнеркәсіпбанк немесе Ауылды дамыту банкі форматына дейін кеңейтуді ұсынды. Оның пайымдауынша, мұндай тәсіл болашақ институт қызметінің бағыттарын әртүрлі етуге (диверсификациялауға) мүмкіндік береді, ауыл шаруашылығы өндірісінің маусымдылығына байланысты тәуекелдерді азайтады, сондай-ақ неғұрлым тұрақты қаржылық модельді қамтамасыз етеді.

Сарапшы аграрлық сектордағы қазіргі проблемалардың көбіне қолданыстағы қаржыландыру тетіктерінің жетілдірілмегендігінен туындап отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, түрлі мемлекеттік институттар тарапынан ауыл шаруашылығын қолдауға, тамақ өнімдерін қайта өңдеу мен өндіруге бағықталатын қаржылық ресурстарды біріктіру бюджет қаражатының тиімділігін арттырып, оны отандық экономиканы дамытуға жұмсауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, ол Ауылды дамыту банкін құру халықаралық даму институттарының ұзақ мерзімді қаржылық ресурстарын тартуға қосымша мүмкіндіктер ашады, қаржы секторындағы бәсекелестікті күшейтеді және ауылдық аумақтардың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасайды деп есептейді.

Фермер әрі агроблогер Жұлдыз Ғафарова ауыл шаруашылығы өндірушілері кезігетін бірқатар жүйелі проблемаларға назар аударды. Олар: қаржыландырудың кешіктірілуі, даму институттары арасында ықпалдасқан (интеграцияланған) цифрлық сервистердің жоқтығы және несие алу кезіндегі кепілдік қамтамасыз етуге байланысты шектеулер.

Спикер шешімдердің бірі ретінде болашақ Агробанктің қызметін «бір терезе» қағидаты бойынша ұйымдастыруды, қызметтердің жоғары цифрландыру деңгейін және қаржы институтының салалық мамандануын қамтамасыз етуді ұсынды.

Кездесуде «Агробанк туралы» заң жобасының негізгі ережелері таныстырылды.

Парламентаризм институтының Құқықтық қамтамасыз ету орталығының басшысы Асқар Бектеновтің айтуынша, құжаттың қабылдануы саланы қаржыландыру жүйесін жетілдіру үшін тиімді құқықтық негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді, елдің азық-түлік қауіпсіздігін күшейтеді және ауылдық аумақтардың ұзақ мерзімді дамуына оң әсер етеді.

ПІКІРЛЕР
0