Құрметті отандастар!
Біз Қазақстанның болашағы айқындалатын аса маңызды тарихи кезеңде тұрмыз. Мемлекеттің құқықтық іргетасын жаңғыртуға бағытталған Конституциялық реформалар – бұл уақыт талабы, халық үні мен ұлттық сананың жаңғыруының көрінісі. «Ауыл» партиясы Конституциялық өзгерістерді әзірлеу барысында азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың ұсыныстары кеңінен ескеріліп, жаңа Конституция жобасының демократиялық қағидаттар аясында ашық әрі әділ талқыланғанын ерекше атап өтеді. Бұл – билік пен қоғам арасындағы сенімнің нығайып, «еститін мемлекет» тұжырымының нақты тәжірибеде жүзеге асырылып, халықтың мемлекет басқару ісіне шынайы түрде араласуының айқын дәлелі.
«Ауыл» партиясы Саяси кеңесі жаңа Конституция жобасын билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейтіп, заң үстемдігі мен қоғам өмірінің тұрақтылығын, адам құқықтары мен бостандықтарын толыққанды қамтамасыз ететін мемлекеттің ең жоғары деңгейдегі құқықтық құжат сипатына лайық деп бағалайды. Жаңа Конституция жобасында ұсынылған реформалық өзгерістер - мемлекет басшысының «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» формуласын, «Заң мен тәртіп, «Адал азамат», «Таза Қазақстан» тұжырымдамаларын мемлекеттің ең жоғары заңымен бекітіп, еліміздің даму бағытын айқындайтын аса маңызды тарихи қадам. Бұл өзгерістер әділетті қоғам құрудың, демократиялық құндылықтарды тереңдетудің, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтудың берік негізін қалайды, Қазақстанның тұрақты дамуына жол ашып, бірлік пен жауапкершілікке сүйенген қуатты әрі заманауи мемлекет қалыптастыруға қызмет етеді.
Қазақстандағы іргелі саяси ұйымдардың бірі ретінде «Ауыл» партиясы жаңа Конституция жобасында ұсынылған реформаларды толық қолдайды. Партия Конституциялық реформалардың партиялық жүйеге жүктейтін жауапкершілігін терең сезіне отырып, жаңа саяси шарттар мен жаңаша талаптар жағдайында қоғам мүддесіне адал қызмет етуге толық дайын екенін мәлімдейді.
Құрметті отандастар!
Баршаңызды ел болашағы үшін маңызды құжаттың басым бағыттарымен танысып, ұсынылған Конституция жобасын мұқият зерделеуге және шындыққа сәйкес келмейтін арандатушылық жарияланымдардың ықпалына түспей, тек ресми құжатқа сүйене отырып, сындарлы пікір қалыптастыруға шақырамыз.
Біз Конституциялық реформаның ел тарихындағы айрықша маңызын терең түсіне отырып, Конституциялық комиссия ұсынған Жаңа Конституция жобасын қолдаймыз!
Жаңа Конституция - Әділетті Қазақстанды құру жолындағы тарихи қажеттілік!
