«AuylArtFest» халықаралық ән байқауы ауыл балаларының өнерін шыңдайды
Қазақстанда ауылдық жерлерде тұратын балалар мен жасөспірімдерге арналған «AuylArtFest» халықаралық ән байқауы өтіп жатыр. Байқау жеңімпаздары Италияның Сан-Ремо қаласында өтетін итальян әнінің 77-фестивалінде өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады. Бұл туралы AuylMedia байқауды ұйымдастырушыларға сілтеме жасап хабарлайды.
Әлеуметтік жобаның басты мақсаты – ауыл балаларының бойындағы өнерге деген қабілетін ашып, талантын танытуына және үлкен сахнаға жолдама алуына мүмкіндік жасау. Байқауға Қазақстанның ауылдық елді мекендерінде тұратын 7–18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қатыса алады. Ол үшін қатысушы өзі орындаған әннің бейнежазбасын түсіріп, art.auyl.kz сайты арқылы жолдауы қажет.
Байқауды Италия Жұлдызы орденінің иегері, опера әншісі, «DiCanto Italiano» академиясының жетекшісі Батыржан Смақов ұйымдастырып отыр.
Байқау бірнеше кезеңнен тұрады. Қатысуға өтінімдер 2026 жылғы 15 желтоқсанға дейін қабылданады. Одан кейін онлайн іріктеу кезеңі өтеді. Ал байқаудың ақтық кезеңі мен қорытынды гала-концерті 2027 жылдың қаңтар айының басында Астанада ұйымдастырылады.
Байқаудың бас жүлдесі екі жеңімпазға табысталады. Олар 2027 жылғы 14–20 ақпан аралығында Италияға барып, Сан-Ремо қаласында өтетін итальян әнінің 77-фестивалінде өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады.
Қатысушылардың өнерін Қазақстанға танымал ұстаздар мен мәдениет қайраткерлерінен құралған кәсіби қазылар алқасы бағалайды.
