26 қараша 2026
«Ауыл» - ақпарат
Екі мерзім, жәрдемақылар және депутаттық сауалдар: Президент мәслихаттардың регламентін жаңартты.

Екі мерзім, жәрдемақылар және депутаттық сауалдар: Президент мәслихаттардың регламентін жаңартты.

26 қараша 2026Автор

Екі мерзім, жәрдемақы және депутаттық сауалдар: Президент мәслихаттардың регламентін жаңартты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттың Үлгілік регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Құжатта мәслихат депутаттарына жәрдемақы төлеудің жаңа тәртібі, мәслихат төрағаларының қызметте болу мерзіміне қойылатын шектеулер, сондай-ақ сессияларды өткізу және депутаттық сауалдарды қарау тәртібіндегі өзгерістер қарастырылған.

Мәслихат төрағаларына екі мерзімдік шектеу енгізілді

Негізгі жаңашылдықтардың бірі мәслихат төрағаларына қатысты. Жарлыққа сәйкес, бір адам бір мәслихатта қатарынан екі мерзімнен артық төраға бола алмайды.

Бұл шектеу елорда, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, аудандар және облыстық маңызы бар қалалар мәслихаттарына қолданылады.

Депутаттарға жәрдемақы төлеу тәртібі бекітілді

Регламентте тұрақты негізде жұмыс істейтін мәслихат депутаттарына жәрдемақы төлеу тәртібі жеке тараумен реттелді.

Егер мәслихат Президент тарапынан таратылған жағдайда, тұрақты негізде жұмыс істейтін депутатқа ай сайынғы орташа жалақысы мөлшерінде жәрдемақы төленеді.

Төлемдер депутат жаңа жұмысқа орналасқанға немесе зейнет жасына жеткенге дейін жүргізіледі. Алайда өкілеттігі тоқтатылған күннен бастап үш айдан аспауы тиіс.

Жәрдемақы тағайындау туралы шешімді мәслихат аппаратының басшысы депутаттың өкілеттігі тоқтатылғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде қабылдауы керек.

Ал жәрдемақы алушы жаңа жұмысқа орналасқан немесе зейнет жасына жеткен жағдайда бұл туралы үш жұмыс күні ішінде мәслихат аппаратына хабарлауға міндетті.

Депутаттық сауал жолдау аясы кеңейді

Жарлықта мәслихат депутаттарының ресми жазбаша сауалдарын кімдерге жолдай алатыны да нақтыланды.

Енді депутаттар сауалдарын әкімдер мен мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларынан бөлек, аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелеріне, прокурорларға, сондай-ақ тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында жұмыс істейтін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің филиалдары мен өкілдіктеріне жолдай алады.

Депутаттық сауалға жазбаша жауап күнтізбелік 15 күннен кешіктірілмей берілуі тиіс. Жауапқа сауал жолданған тұлға немесе мемлекеттік органның бірінші басшысы не оның орынбасары қол қояды.

Мәслихат сессияларын өткізу тәртібі өзгереді

Ұйымдастырушылық жұмысқа да бірқатар өзгеріс енгізілді.

Атап айтқанда, мәслихат сессияларында дауыс беру мүмкіндігі болған жағдайда цифрлық дауыс санау жүйесі арқылы жүргізіледі.

Мәслихат төрағасы күн тәртібіндегі мәселелер бойынша материалдарды депутаттар мен әкімге кезекті сессияға дейін кемінде жеті күн бұрын ұсынуы тиіс. Кезектен тыс сессия шақырылған жағдайда бұл мерзім үш күнге дейін қысқарады.

Құжаттарды қағаз және электрондық форматта жіберуге болады.

Сонымен қатар сессия хаттамалары оны өткізген күннен бастап бір айдан кешіктірілмей дайындалуы керек.

Бюджеттерді бекіту мерзімдері белгіленді

Жарлықта әртүрлі деңгейдегі бюджеттерді бекітудің нақты мерзімдері көрсетілген:

  • Елорда, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың бюджеттері республикалық бюджет туралы заңға Президент қол қойғаннан кейін күнтізбелік 10 күн ішінде бекітілуі тиіс.

  • Аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың бюджеттері облыстық мәслихаттың облыстық бюджетті бекіту туралы шешіміне қол қойылғаннан кейін 10 күн ішінде бекітіледі.

  • Аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер және ауылдық округтердің бюджеттері тиісті аудандық бюджет бекітілгеннен кейін бес күн ішінде бекітілуі керек.

Мәслихат аппараты басшысының өкілеттігі нақтыланды

Регламентте алғаш рет мәслихат аппараты басшысының өкілеттіктері жеке тармақпен егжей-тегжейлі көрсетілді.

Ол аппараттың жұмысын басқарады, «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілерін қызметке тағайындайды және қызметінен босатады, қызметтік тәртіпті бақылайды, қызметкерлердің еңбек демалысы, іссапар, материалдық көмек және біліктілігін арттыру мәселелерін шешеді.

Сонымен қатар мәслихат сессиялары мен тұрақты және уақытша комиссиялардың отырыстарын ұйымдастыруға, құқықтық актілер жобаларын дайындауға және депутаттардың біліктілігін арттыруға жауап береді.

Депутаттарға қандай тәртіптік шаралар қолданылады?

Өз міндеттерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған, сондай-ақ депутаттық әдепті бұзған жағдайда мәслихат депутаттарына мынадай шаралар қолданылуы мүмкін:

  • Ескерту жасау;

  • Жария түрде кешірім сұрауды талап ету;

  • Бір сессия барысында сөз сөйлеу құқығынан айыру;

  • Мәслихат сессиясына қатысу құқығынан айыру.

Тұрақты негізде жұмыс істейтін депутаттарға қосымша жаза ретінде бір күндік жалақысынан айыру шарасы да қарастырылған.

Отырысқа қатысуды бақылау және тәртіптік шараларды қолдану мәселелерін дайындау мәслихат аппаратына жүктеледі. Мұндай мәселені қарауды мәслихат төрағасы немесе тұрақты комиссия төрағасы бастамашылық ете алады.

Депутаттардың жалақысы мен іссапар шығындары

Жарлыққа сәйкес, депутаттар сессиялар, комиссия отырыстары, депутаттық міндеттерін орындау және біліктілігін арттыру кезеңінде негізгі қызметтік міндеттерінен босатылады.

Бұл ретте олардың негізгі жұмыс орнындағы орташа жалақысы сақталады. Алайда төлем мөлшері тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімінің аппараты басшысының осы лауазымдағы еңбек өтілі бір жылға дейінгі жалақысынан аспауы тиіс.

Сонымен қатар депутаттардың іссапар шығындары өтеледі.

Жарлық 2026 жылғы 7 желтоқсаннан бастап күшіне енеді.

Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровті қабылдаған болатын. Кездесу барысында Мемлекет басшысына 2026 жылғы 29 қарашада өтетін барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық жөніндегі сайлау органдарының жұмысы туралы баяндалды.

ПІКІРЛЕР
0
Бөлім жаңалықтары
Ақмола облысының 200-ден астам аграрийі еңбегі үшін марапаттарға ие болды
2023 жылдан бері Қостанай облысында 1,9 млн м2 тұрғын үй пайдалануға берілді
«AuylArtFest» халықаралық ән байқауы ауыл балаларының өнерін шыңдайды
Мемлекет басшысы «Халықтық құрылыс» бағдарламасы қаражатының жұмсалуын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрамын бекітті
Цифрландыру мен ЖИ азық-түлік қауіпсіздігін күшейтеді: Құрылтайда ветеринария туралы заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды
Еңбек адамы. Абзал Ералиев: туған жерге қызмет ету
Өткен аптада Түрікменстанның «Аваза» ұлттық туристік аймағында ҚР Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай бастаған қазақстандық делегация ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің және 61-ші жалпы от
Түркістанда «Ауыл» партиясы кандидаттарының тұрғындармен кездесуі өтті