28 сәуір 2026
Ауыл тынысы
Цифрлық бақылау және «Ішімдіксіз ауыл»: Қарағанды облысында қылмыс қалай азайтылып жатыр

Цифрлық бақылау және «Ішімдіксіз ауыл»: Қарағанды облысында қылмыс қалай азайтылып жатыр

28 сәуір 2026Автор

Қарағанды облысында құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары бірнеше бағыт бойынша күшейтілуде — тұрмыстық қылмыстардан бастап жол қауіпсіздігі мен мектептердегі тәртіпке дейін. Негізгі шешімдер ведомствоаралық комиссия отырысында талқыланды.

Тиімді бастамалардың бірі — «Ішімдіксіз ауыл» жобасы. Бүгінде өңірде 74 елді мекен алкогольден толықтай бас тартқан, бұл өз кезегінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді.

— Бұл ауылдарда отбасылық-тұрмыстық қатынастар мен алкоголь тұтынуға байланысты қылмыстар тіркелмейді. Сондықтан жобаны әрі қарай кеңейтуді ұсынамыз, — деді облыстық полиция департаментінің бастығы Нығмет Исмағұлов.

Мемлекеттік органдар деңгейінде қосымша шаралар әзірленіп жатыр: акциздерді арттырудан бастап алкоголь өнімдерінің сатылуын бақылауды күшейтуге дейін. Назарда — аула ішіндегі дүкендер мен ойын-сауық орындары, олар үшін тәртіпті жүйелі түрде бұзған жағдайда антирейтинг енгізу ұсынылуда.

Жол қауіпсіздігі де басты назарда. Қазір өңірде 198 аппараттық-бағдарламалық кешен жұмыс істеп тұр және олардың саны алдағы уақытта арта түспек.

«Аргус-пешеход» жүйесі өзінің тиімділігін дәлелдеді: орнатылған учаскелерде жаяу жүргіншілердің қатысуымен бірде-бір жол-көлік оқиғасы тіркелмеген. Орташа жылдамдықты бақылау Қарағанды — Теміртау және Астана — Қарағанды бағыттарын қоса алғанда, негізгі трассаларда жүзеге асырылуда. Жақын уақытта тағы 150 кешен орнату жоспарланып отыр.

Көлік ағынының артуы бұл шаралардың маңыздылығын одан әрі күшейтеді: туристік маусым басталғанда қозғалыс қарқыны тәулігіне 35 мың автокөлікке дейін жетуі мүмкін.

 

Балалардың қауіпсіздігі — тағы бір басым бағыт. Өңірдегі білім беру ұйымдарында 11 мыңға жуық бейнебақылау камерасы орнатылған, дабыл түймелері мен кәсіби күзет қызметі жұмыс істейді.

Сондай-ақ жаңа цифрлық шешімдер енгізілуде — буллингті анықтайтын және оқушылардың мінез-құлқын талдайтын жүйелер. Нәтиже де байқалады: соңғы үш айда білім беру ұйымдарында бірде-бір қылмыс тіркелмеген, кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалатын құқық бұзушылықтар саны да азаюда.

Отырысқа онлайн режимде ІІМ Профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Саданов қатысты. Ол өзге өңірлерде қолданылып жатқан және кеңінен енгізуге дайын тиімді тәжірибелерге назар аударды.

— Жасанды интеллект элементтері бар интеллектуалды бейнебақылау жүйелерін енгізу қажет. Камералар қауіпті мінез-құлық белгілеріне жедел әрекет етуі тиіс, — деп атап өтті Арман Саданов.

Мұндай технологиялар қазірдің өзінде Астана мен Солтүстік Қазақстан облысында қолданылып, мектептердегі құқық бұзушылықтардың азаюына әсер етуде. Қарағанды облысында да осындай жобалар пилоттық режимде іске асырылып жатыр.

— Ведомствоаралық комиссия жұмысының тиімділігі қабылданатын шешімдерге, мемлекеттік органдардың үйлесімді әрекетіне және профилактика субъектілерінің белсенді қатысуына тікелей байланысты. Тек кешенді тәсіл ғана құқық бұзушылықтың нәтижелі алдын алуға мүмкіндік береді, — деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, отырысты қорытындылай келе.

ПІКІРЛЕР
0