5 маусым 2026
Ауыл партиясы
«АУЫЛ» ПАРТИЯСЫ МЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АРДАГЕРЛЕР ҰЙЫМЫ» ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

«АУЫЛ» ПАРТИЯСЫ МЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АРДАГЕРЛЕР ҰЙЫМЫ» ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

5 маусым 2026Автор

2026 жылғы 5 маусымда Астана қаласында «Ауыл» партиясы мен Қазақстанның барлық өңірлеріндегі еңбек ардагерлерін біріктіретін еліміздегі ірі қоғамдық ұйымдардың бірі – «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Құжатқа «Ауыл» партиясының Төрағасы Серік Егізбаев пен «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Әбілғазы Құсайынов қол қойды.

Меморандумның басты мақсаты – ардагерлердің қоғамдық өмірдегі белсенділігін арттыру, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, азаматтық жауапкершілік пен патриоттық құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ ауылдық жерлердегі ардагерлерді жастармен бірлескен жобаларға тарту арқылы өзара ынтымақтастықты дамыту.

Іс-шара барысында Серік Егізбаев ардагерлер қауымының қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, елімізде 2,5 миллионнан астам егде жастағы азамат және заңнамада көзделген санаттарға жататын 83 мыңнан астам ардагер бар. Сондықтан ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен қоғамдық беделі елдегі маңызды бастамаларды жүзеге асыруда ерекше маңызға ие.

Тараптар Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан қоғамдық-саяси реформаларды қолдау, «Адал азамат», «Заң және Тәртіп», «Таза Қазақстан» қағидаттарын ілгерілету, жастар тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.

Меморандум аясында маусым айында бірқатар бірлескен іс-шаралар жүзеге асырылады. Атап айтқанда, партияның
«Қаз-хабы» жобасы шеңберінде Ақмола облысының Біржан сал ауданында, Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша және Ғабит Мүсірепов аудандарында ауыл тұрғындарына 21 мың қаз балапаны тегін таратылады. Биыл жобаға ауылдық жерлердегі ардагерлер мен зейнеткерлерді кеңінен тарту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, меморандум аясында ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және аға буын өкілдерінің өмір сапасын арттыруға бағытталған бірқатар бірлескен жобалар жүзеге асырылады. Ардагерлер үшін мәдени іс-шаралар, цифрлық технологияларды қолдану бойынша оқыту семинарлары ұйымдастырылып, жастардың қатысуымен түрлі бастамалар қолға алынады. Сондай-ақ ардагерлердің жастармен тәлімгерлік және тәрбиелік жұмыстарға белсенді қатысуына ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бағытта олар жастарға бағыт-бағдар беріп, өмірлік тәжірибелерін ортаға салады.

Тараптар меморандум аясындағы ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғасып, қоғамның дамуына бағытталған жаңа жобалармен толықтырылатынына сенім білдірді.


 

ПІКІРЛЕР
0