Бүгін auylym.auyl.kz сайты ресми түрде іске қосылды. Бұл Қазақстанның ауылдық елді мекендері тұрғындарына арналған бірегей цифрлық платформа. Жоба әрбір азаматқа өз ұсыныстарын, идеяларын және жетістіктерін ортаға салып, туған ауылының дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді.
Платформаның негізгі идеясы – ауыл тұрғындарымен кері байланыстың бірыңғай жүйесін қалыптастыру. Жоба аясында азаматтардың өтініштері мен бастамалары жинақталып, өңірлер тұрғындарының пікірін барынша қамту және оларды бірізді цифрлық форматқа келтіру көзделген.
Бұл ауқымы жоба Қазақстандағы алғашқы ашық цифрлық сервис. Мұнда тұрғындар өз ауылы туралы ашық айтып, жетістіктерімен бөлісіп, оның дамуына бағытталған нақты ұсыныстарын енгізе алады. Жиналған барлық деректер елдің әр елді мекеніндегі белсенділік пен бастамаларды көрсететін интерактивті карта түріндегі бірыңғай визуалды бақылау тақтасына біріктіріледі.
Платформада облыстар бойынша «Өтініштер картасы» іске асырылған. Ол әр өңірден келіп түскен өтініштер мен дауыс санын көрнекі түрде бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ әкімшілік бөлім қарастырылған, онда барлық өтінімдерді облыстар бөлінісінде қарау мүмкіндігі бар.
Өтініштер үш санат бойынша қабылданады: ұсыныс, идея және жетістік. Тақырыптық шектеу жоқ, ол инфрақұрылым мен абаттандырудан бастап туризм, экономика және әлеуметтік салаға дейінгі түрлі бағыттарды қамтиды.
Жоба баламасы жоқ бастама ретінде әзірленіп, ашық диалог орнатуға және ауыл тұрғындарын аумақтарды дамыту үдерісіне кеңінен тартуға бағытталған құрал ретінде ұсынылады. Оның басты мақсаты – әрбір тұрғынның үні еленіп, ескерілуін қамтамасыз ету.
Инициатива аясында ынталандыру тетігі қарастырылған: тұрғындары ең көп ұсыныс жолдаған 10 белсенді ауылға бір жыл мерзімге тегін интернетке қолжетімділігі бар Starlink жабдығының жиынтығы табысталады. Барлығы 10 жиынтық үлестіріледі.
Auylym.auyl.kz платформасы ауылдық аумақтарды біріктіретін және әрбір азаматқа өз өңірінің дамуына тікелей ықпал етуге мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық кеңістікке айналуда.
