Бүгін «Ауыл» партиясының Мәжіліс залында «Жаңа Конституция аясындағы Парламенттік реформалардың саяси маңызы» тақырыбында жастармен кездесу ұйымдастырылды. Кездесудің аясында мемлекетіміздің тағдырына тікелей ықпал ететін, тарихи маңызы зор үдерістердің өзегі талқыланып, халық пен билік арасындағы сенімді нығайтатын, заң үстемдігін орнықтыруға бағытталған іргелі реформалардың мазмұны түсіндірілді.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев құттықтау сөзін айтып, заң шығару жүйесін жетілдіруде, аграрлық саясатты дамытудағы тәжірибесімен бөлісті.
Сонымен қатар, кездесудің соңы «Ауыл» партиясының қатарына жаңа мүшелерді қабылдауға ұласты. Партия қатарына қосылғандардың қатарында эстрада жұлдызы, актриса Мөлдір Әуелбекова, белгілі журналист, «Atameken Business» телеарнасының «Басты жаңалықтар» жүргізушісі Мейіржан Жиенәлі, белгілі коуч, «Адал азамат» авторларының бірі Руслан Қаратабанов және Самбо және дзюдо бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, дзюдодан Азия чемпионатының күміс және екі дүркін қола жүлдегері, шеберлер арасында 4 дүркін әлем чемпионы, жаттықтырушы Руслан Сейілханов сынды азаматтар бар.
