2 сәуір 2026
Агро-жаңалық
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты алғаш рет 7 млрд АҚШ долларына жетті

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты алғаш рет 7 млрд АҚШ долларына жетті

2 сәуір 2026Автор

2025 жылы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені тарихи нәтижелерге қол жеткізді, деп хабарлайды auylmedia.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап. 1 триллион теңге көлеміндегі ауқымды жеңілдетілген несиелеу бағдарламасының арқасында ел бюджетіне 3,5 триллион теңге (7 млрд АҚШ доллары) көлемінде валюталық түсім түсті. Сарапшылардың пікірінше, сала шикізаттық бағыттан терең өңдеу моделіне нық қадам басты.

«Айналым қаражатының» тиімділігі

Саланың дамуына мемлекеттік қолдау басты серпін берді. Тұңғыш рет жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 1 триллион теңгеге жетті. Несиелер ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен қайта өңдеушілерге жылдық 5%-бен, 15 айға дейінгі мерзімге берілді.

Бұл аграршыларға егіс науқанынан бастап, дайын өнімді сатуға дейінгі барлық кезеңде айналым қаражатына деген қажеттілікті жабуға мүмкіндік берді. Нәтижесі де көп күттірген жоқ — 7 млрд долларлық экспорттық түсім соңғы бес жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш болып тіркелді.

Шикізаттан дайын өнімге: Қосымша құны жоғары экспорт

Саланың сапалық тұрғыдан өзгеруінің басты белгісі — қайта өңдеу деңгейінің артуы. Бүгінде Қазақстан тек шикізат жеткізуші емес, дайын өнім экспорттаушы елге айналуда:

  • Жалпы экспорт көлеміндегі қайта өңделген өнімнің үлесі 50%-дан асты.
  • Қосымша құны жоғары өнімдер экспорты 35,3%-ға өсіп, 3,6 млрд долларға жетті.
  • Ел ішінде тамақ өнімдерінің өндірісі 8,1%-ға (3,9 трлн теңгеге дейін) артты.

Қазақстан өнімін кімдер сатып алады?

Отандық өнімдердің негізгі нарықтары — Өзбекстан, Қытай, Тәжікстан, Ауғанстан, Иран, Қырғызстан және Ресей. Экспортталатын тауарлардың көш басында бидай мен арпадан бөлек, ұн, күнбағыс майы, зығыр тұқымы және күнжара (жмых) тұр.

Болашаққа бағдар: Терең өңдеу

Үкімет бұл жетістікпен тоқтап қалмақ емес. Жақын арада Қазақстанда дәнді дақылдарды терең өңдейтін алты ірі кәсіпорынды іске қосу жоспарлануда. Олардың жалпы қуаттылығы жылына 5,8 млн тоннаны құрамақ.

Бұл жобалар ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық түсімдерін көбейтуге және «Made in Kazakhstan» брендінің әлемдік нарықтағы беделін арттыруға жол ашады. Ал отандық фермерлер үшін бұл — өнімді өткізудің кепілді арнасы мен тұрақты баға, яғни ауылдың тұрақты дамуының негізі.

ПІКІРЛЕР
0
Бөлім жаңалықтары