Елімізде спорттық инфрақұрылымды дамыту мәселесінде ауылдық аймақтарға басымдық беріле бастады, деп хабарлайды auylmedia.kz туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда бой көтеріп жатқан спорт кешендерінің басым бөлігі дәл осы ауылдар мен аудан орталықтарына тиесілі.
Сандар не дейді?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың спорттық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында 2024 жылы елімізде 147 спорт кешені пайдалануға берілді. Оның ішінде 107 нысан ауылдық жерлерде ашылса, қалаларда небәрі 40 нысан салынған.
Салыстырмалы түрде айтсақ, 2023 жылы пайдалануға берілген 90 нысанның 61-і ауылда бой көтерген болатын. Бұл көрсеткіштер спорттың ауыл тұрғындары үшін қолжетімді бола түскенін дәлелдейді.
Ауылда қандай нысандар салынып жатыр?
Жаңадан ашылған нысандардың қатарында тек қарапайым алаңдар ғана емес, заманауи кешендер де бар:
- Дене шынықтыру-сауықтыру кешендері (ДШСК);
- Жабық футбол манеждері мен бассейндер;
- Күрес, бокс және гимнастика залдары;
- Ашық спорт алаңдары мен воркаут аймақтары.
Аймақтардағы ірі жобалар
Өткен жылы пайдалануға берілген нысандардың ішінде Ақмола облысының Зеренді ауданындағы ауданы 6 мың шаршы метрден асатын спорт кешенін, Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы көпфункционалды спорт орталығын және Қызылорда қаласындағы халықаралық стандарттарға сай жаңа стадионды ерекше атап өтуге болады.
Болашаққа жоспар Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, 2029 жылға қарай халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтылу көрсеткішін 65%-ға жеткізу жоспарланған (қазір бұл көрсеткіш – 59,6%).
Биыл 121 нысанды іске қосу көзделіп отыр. Құрылыс жұмыстары бюджет қаражатымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік және демеушілер есебінен жүргізілуде. Сонымен қатар, 2026–2028 жылдарға арналған «жол картасы» аясында тағы 86 ірі жоба жүзеге асырылмақ.
