Жамбыл облысында мал шаруашылығы агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі секторы ретінде нық орнықты, деп хабарлайды auylmedia.kz Жамбыл облысы әкімдігіне сілтеме жасап. Бүгінде бұл саланың үлесі өңірде өндірілетін жалпы ауыл шаруашылығы өнімі көлемінің 52%-дан астамын құрап отыр. Мемлекеттік қолдау шаралары ауылдарды қалай өзгертіп, азық-түлік қауіпсіздігін қалай нығайтып жатқаны туралы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірасіл Желеубаев айтып берді.
2025 жылдың қорытындысы барлық негізгі көрсеткіштер бойынша тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Жүйелі субсидиялау мен фермерлерді қолдаудың арқасында өңірдегі өндіріс көлемі айтарлықтай артты:
Ет өндірісі: +2,4%;
Сүт өндірісі: +1,6%;
Жалпы мал басы: 3,7 млн бастан асты (+2,7%).
Мал табынын сапалы жаңартуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта асыл тұқымды ірі қара малдың үлесі 12,1%-ды (52,1 мың бас), ал асыл тұқымды қойлардың үлесі 26,2%-ды (792,1 мың бас) құрайды. Селекциялық жұмысқа жүздеген шаруашылық тартылған: 359 шаруа қожалығы асыл тұқымды қой өсірумен, ал 59-ы ірі қара мал өсірумен айналысады.
Өңірде өнеркәсіптік типтегі бордақылау белсенді дамып келеді. Қазіргі таңда облыста сыйымдылығы 1000-нан 7000 басқа дейінгі ірі қара малға арналған 9 бордақылау алаңы, сондай-ақ бір мезгілде 5000 бас қойды бордақылайтын 2 алаң жұмыс істейді.
Ет кластерінің құрамында тәулігіне 300 бас ұсақ мал мен 50 бас ірі қара малды сою және қайта өңдеуді жүзеге асыратын екі ірі кәсіпорын жұмыс істейді.
Бүгінде облыста 55 сүт-тауарлы фермасы (СТФ) жұмыс істейді. Ферма өнімдері толығымен қайта өңдеу кәсіпорындарына жөнелтіледі. Соңғы үш жылда бұл бағытты дамытуға 1,2 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде сүт өңдейтін кәсіпорындар саны 28-ге жетті. Қазіргі уақытта кәсіпорындардың өндірістік қуаты 78%-ға пайдаланылуда.
Мемлекеттік қолдау шараларын тиімді іске асыру Жамбыл облысында мал шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға септігін тигізуде.
