24 ақпан 2026
«Ауыл» - ақпарат
Жаңа Конституция: Жезқазғанда сарапшылар қоғамдық тұрақтылық пен дамуға қолдау білдірді

Жаңа Конституция: Жезқазғанда сарапшылар қоғамдық тұрақтылық пен дамуға қолдау білдірді

24 ақпан 2026Автор

23 ақпанда Жезқазған қаласында «Конституциялық реформа – елдің ұзақ мерзімді дамуының негізі» тақырыбында сарапшылар форумы өтті.

Іс-шараның мақсаты – жаңартылған Конституция ережелерін жан-жақты сараптамалық талқылау, оны практикалық тұрғыда іске асыру бойынша кәсіби ұсыныстар әзірлеу, конституциялық реформаларды қолдауға бағытталған сарапшылар қауымдастығының ортақ ұстанымын және жаңа Конституция бойынша алдағы референдумды қолдауға бағытталған бірыңғай позицияны қалыптастыру.

Форум аясында саясаткерлер, мемлекеттік басқару органдарының, партиялар мен қоғамдық қауымдастықтардың өкілдері сөз сөйледі. Қатысушылар конституциялық реформалардың елдің ұзақ мерзімді дамуына ықпалы, қоғамдық-саяси үдерістердегі рөлі және конституциялық нормаларды тиімді қолдану тетіктерін талқылады.

«Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қуаныш Сейтжанов «Ауыл» партиясы жаңа Конституция жобасын толық әрі сөзсіз қолдайтынын, оны елдің саяси және қоғамдық дамуы жолындағы аса маңызды қадам ретінде қарастыратынын атап өтті.

«Еліміздің жаңа Негізгі заңының жобасы азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдардан және жетекші сарапшылардан түскен ұсыныстарды жан-жақты талдау негізінде, сондай-ақ ашық қоғамдық талқылаулардың нәтижелері мен жаңа нормалар мен ережелерді егжей-тегжейлі пысықтауды ескере отырып әзірленді», – деді Қуаныш Сейтжанов.

Шараға сонымен қатар «Қоғамдық келісім» РММ жетекші сарапшысы Ержан Ибраев, Қоғамдық даму басқармасының өкілі Нұрбол Құрмаш, «Мейірім құшағы» комиссиясының мүшесі, Жезқазған қаласының Аналар кеңесінің мүшесі Ақжарқын Токишова қатысып, өз пікірлерін білдірді.

Баяндамалардан кейін кәсіби пікір алмасуға және ұсыныстар әзірлеуге бағытталған сараптамалық талқылау сессиясы өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар бірауыздан жаңа Конституция – қауіпсіз, таза әрі әділетті мемлекет құрудың берік іргетасын қалайтын стратегиялық таңдау деген тұжырымға келді.

Сарапшылар форумы мазмұнды ұсыныстар әзірлеуге, кәсіби диалогты дамытуға және мемлекеттің орнықты даму бағытын қолдауды нығайтуға ықпал еткен маңызды алаңға айналды.

ПІКІРЛЕР
0