Іс-шараның мақсаты – жаңартылған Конституция ережелерін жан-жақты сараптамалық талқылау, оны практикалық тұрғыда іске асыру бойынша кәсіби ұсыныстар әзірлеу және конституциялық реформаларды қолдауға бағытталған сарапшылар қауымдастығының ортақ ұстанымын қалыптастыру.
Форум аясында саясат, мемлекеттік басқару және білім беру салаларының мамандары, партия өкілдері мен ғылыми қауымдастық өкілдері сөз сөйледі. Қатысушылар конституциялық реформалардың елдің ұзақ мерзімді дамуына ықпалы, қоғамдық-саяси үдерістердегі рөлі және конституциялық нормаларды тиімді қолдану тетіктерін талқылады.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов конституциялық реформалар мемлекеттік басқару жүйесін нығайтудың және азаматтардың билік институттарына деген сенімін арттырудың маңызды құралы екенін атап өтті.
«Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Ғалымжан Құсманғали өз сөзінде Конституцияның жаңа жобасы елдің ұзақ мерзімді даму бағдарларын айқындайтын стратегиялық құжат екенін айтты. Ол ұсынылып отырған өзгерістер қоғамның әділдікке деген сұранысын, биліктің жауапкершілігін арттыруды және мемлекеттің құқықтық негіздерін нығайтуды көрсететінін, сондай-ақ заманауи әрі тұрақты саяси жүйе қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы бастамашылық еткен конституциялық реформа, сондай-ақ 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы, мәні жағынан ең алдымен жастарға бағытталған және олардың мүддесі үшін жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, жаңа Конституция жобасына енгізілген идеялар мен құндылықтар жас ұрпақтың әлеуетін ашуға жағдай жасауға, жастарға жан-жақты өзін-өзі жүзеге асыруға, өз идеялары мен бастамаларын іске асыруға, сондай-ақ өздерінің өмірлік күш-жігерін жеке дамуы мен ел болашағының игілігіне сындарлы түрде бағыттауға мүмкіндік беруге арналған», – деді Ғалымжан Құсманғали.
Саясаттанушы Дина Айкенова конституциялық нормаларды жаңарту заманауи саяси мәдениетті қалыптастыруға және қоғамның шешім қабылдау үдерісіне қатысу аясын кеңейтуге ықпал ететінін жеткізді.
«Ардагерлер ұйымы» РҚБ Петропавл қалалық филиалының жетекшісі Жангелді Тажин Конституцияның тұрақтылықтың, ұрпақтар сабақтастығының және қоғамдық құндылықтарды сақтаудың негізі ретіндегі маңызына тоқталды.
«Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институты» ЖМ басшысы Сергей Худяков конституциялық өзгерістер жергілікті өзін-өзі басқару рөлін күшейтіп, өңірлердің дамуына қосымша мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіподақтар орталығының жетекшісі Ерік Нұрақаев Конституция ережелері азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауға және әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға бағытталғанын айтты.
Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Ольга Клишина реформалар мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға және билік пен халық арасындағы өзара іс-қимылды тиімді етуге ықпал ететінін атап өтті.
Баяндамалардан кейін кәсіби пікір алмасуға және ұсыныстар әзірлеуге бағытталған сараптамалық талқылау сессиясы өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар бірауыздан жаңа Конституция – қауіпсіз, таза әрі әділетті мемлекет құрудың берік іргетасын қалайтын стратегиялық таңдау деген тұжырымға келді.
Сарапшылар форумы мазмұнды ұсыныстар әзірлеуге, кәсіби диалогты дамытуға және мемлекеттің орнықты даму бағытын қолдауды нығайтуға ықпал еткен маңызды алаңға айналды.
