Бүгін 1 мамыр күні елорда төрінде еліміздің аграрлық әлеуетін дәріптейтін «Dala.Camp» ұлттық мал шаруашылығы экспедициясының салтанатты ашылуы өтті. «Ауыл» партиясының ұлттық құндылықтарды сақтау және ауыл экономикасын көтеру бағытымен үндесетін бұл жоба тұңғыш рет реалити-шоу форматында ұйымдастырылып отыр.
Экспедицияның басты ерекшелігі:
Бұл жай ғана ақпараттық тур емес, бұл — далалық жағдайдағы үлкен оқу мектебі. 16 күн ішінде қатысушылар еліміздің 10 өңірін аралап, 6000 шақырымнан астам жолды еңсереді. Сапар барысында мал шаруашылығының репродукциядан бастап, өнімді өңдеуге дейінгі толық циклі зерттеледі.
«Ауыл» партиясы үшін бұл жобаның маңызы зор. Біздің мақсатымыз — заманауи технологияларды игерген жаңа буын фермерлерін қалыптастыру. Экспедиция жетекшісі, белгілі фермер Жәнібек Кенжебаев бастаған сарапшылар тобы мал шаруашылығының нақты экономикасын, тиімді бизнес-модельдерін ашып көрсетеді.
Негізгі бағыттар:
• Үлгілі фермерлік шаруашылықтардың тәжірибесін зерделеу;
• Мал шаруашылығындағы өндірістік процестерді цифрландыру және автоматтандыру;
• Сала мамандарына менторлық қолдау көрсету.
Бұл бастама ауыл өмірінің мәртебесін биіктетіп, отандық шаруалардың еңбегін жаңа қырынан танытуға мүмкіндік береді. Экспедиция қорытындысы бойынша ауыл кәсіпкерлігін дамытудың нақты жолдары ұсынылмақ.
Ел берекесі — ауылда, ауыл берекесі — мал шаруашылығында! Сапар сәтті болсын!
