12 наурыз 2026
«Ауыл» - ақпарат
Қазақстанда Мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумы өтті

Қазақстанда Мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумы өтті

12 наурыз 2026Автор

Бүгін Астанада барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының III республикалық форумы өтті. Жиын жұмысына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Өңірлік және аудандық мәслихаттарда өкілдігі бар «Ауыл» партиясының мүшелері де жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі реформаларын талқылауға белсенді атсалысты.

Форум барысында жергілікті өкілді органдардың рөлін күшейту, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы, азаматтардың мүдделерін тиімді қорғау және жергілікті деңгейде мемлекеттік саясатты сапалы іске асыру мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде агроөнеркәсіптік секторды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.

«Агроөнеркәсіп кешенін кешенді дамыту экономикалық саясаттың бұлжымас басымдығына айналды. Себебі бұл салаға 7,4 миллион азаматымыздың немесе халықтың 36 пайызының тұрмыс деңгейі, сондай-ақ еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі тікелей байланысты. Соңғы жылдары саланы қаржыландыру бірнеше есе артты. Атап айтқанда, өткен жылы фермерлерге жеңілдікпен несие беруге алғаш рет бір триллион теңгеден астам қаражат жұмсалды. Мұндай ауқымды қолдау бұрын-соңды болған емес, мұны аграршылардың өздері де айтып жүр. Бұл ретте біз тек өндіріс көлемін ұлғайтуды емес, өнімі ішкі сұранысты өтеп, шетелдік нарықтарда тұрақты сатылатын заманауи технологиялық аграрлық-индустриялық экономика құру міндетін қойып отырмыз. Бұл өте маңызды. Өткен жылы бұл салада барлығы 250 өндіріс орны ашылды, соның арқасында өңірлерде жаңа экономикалық өсу нүктелері қалыптасып, жергілікті тұрғындардың әл-ауқаты артып келеді», – деп атап өтті ҚР Президенті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өз баяндамасында фискалдық децентрализация мәселелеріне тоқталды. Мәселен, өткен жылы ауылдық округтердің бюджеті 442 млрд теңгеден асты, оның үштен бірі жеке кірістер есебінен қамтамасыз етілді. Бұл ретте ауылдық округтердің орташа бюджеті 190 млн теңгеге жетті. Осы жылдан бастап ауылдық округтердің бюджетіне кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру салығы, жерасты суларын және емдік балшықты пайдалану секілді қосымша табыс көздері түседі. Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер төлейтін мүлік салығының бір бөлігін төртінші деңгейдегі бюджеттерге беру мәселесін пысықтап жатыр.

Іс-шара барысында Мәжіліс және мәслихат депутаттары, бизнес пен жұртшылық өкілдері сөз сөйлеп, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын білдірді.

ПІКІРЛЕР
0