19 ақпанда Ақмола облысында «Ауыл» партиясы өңірлік филиалының төрайымы Анар Аяпбергенованың басшылығымен Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – жаңа Конституция бойынша алдағы референдумның маңызын талқылау болды. Жиында референдумның қоғам үшін мәні, азаматтардың қатысуының рөлі және оның елдің одан әрі тұрақты дамуына ықпалы жан-жақты сараланды.
Кеңейтілген отырысқа облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, ауыл әкімдері, Саяси кеңес мүшелері мен партияның белсенді өкілдері қатысты.
Профессор Абильжан Хусаинов жаңартылған Конституцияның Әділетті мемлекет қалыптастырудағы рөліне тоқталып, оның құқықтық жүйені жетілдіру мен азаматтардың құқықтарын қорғаудағы маңызын атап өтті.
Ақкөл аудандық мәслихатының депутаты Назарбек Көкенұлы өз сөзінде ел болашағы әрбір азаматтың жеке жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін айтып, қоғамның белсенді ұстанымы мен азаматтық сананың маңыздылығын жеткізді.
Ал Ақмола облысы бойынша «Ауыл» партиясы өңірлік филиалының төрайымы Анар Аяпбергенова референдумның халықтың тікелей еркін білдіретін тиімді тетік екенін атап өтіп, бұл үдерістің демократиялық құндылықтарды нығайтудағы орнына тоқталды.
Бұл кездесу тек партияішілік талқылау алаңы ғана емес, жаңа Конституция бойынша алдағы референдумды қолдау және елдің тұрақты дамуына бағытталған ортақ пікір қалыптастыру алаңы болды.
