19 ақпанда Жетісу облысында «Ауыл» партиясының Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – жаңа Конституция бойынша алдағы референдумның маңызын талқылау болды. Жиында референдумның қоғам үшін мәні, азаматтардың қатысуының рөлі және оның елдің одан әрі тұрақты дамуына ықпалы жан-жақты сараланды.
Кеңейтілген отырысқа облыстық мәслихат депутаттары, Саяси кеңес мүшелері, партияның белсенді өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан «Ауыл» партиясы атынан Жетісу облысы бойынша өңірлік коалицияның мүшесі, «Ауыл» партиясы Жетісу облыстық филиалының Саяси кеңес мүшесі Асхат Бәзілов:
«Референдум – өз пікірін білдіру және ел болашағын айқындау мүмкіндігі. Мен сіздерді өңірлерде осы жұмысқа белсенді қатысып, оның тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге шақырамын», – деп атап өтті.
Күн тәртібіне сәйкес отырыс барысында саяси реформаның негізгі бағыттары бойынша пікірталастар өткізілді, спикерлер өз ұстанымдарын таныстырды.
«Ауыл» партиясының мүшесі, Заң ғылымының докторы, профессор Сарқытбек Молдабаев жаңартылған Конституцияның Әділетті мемлекет қалыптастырудағы рөліне тоқталып, оның құқықтық жүйені жетілдіру мен азаматтардың құқықтарын қорғаудағы маңызын атап өтті.
«Ауыл» партиясының «Ауыл жастары» жастар қанатының Жетісу облыстық филиалының төрайымы Жанель Қанатай жастардың ел дамуы жолындағы белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
Бұл кездесу тек партияішілік талқылау алаңы ғана емес, жаңа Конституция бойынша алдағы референдумды қолдау және елдің тұрақты дамуына бағытталған ортақ пікір қалыптастыру алаңы болды.
