27 сәуір 2026
«Ауыл» - ақпарат
«Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі өтті

«Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі өтті

27 сәуір 2026Автор

Жамбыл облысының Талас ауданында өңірдің экологиялық және мәдени брендін ілгерілетуге бағытталған «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі өтті.


Жамбыл облысы әкімдігі мен «Ауыл» партиясының бірлесіп ұйымдастыруымен өткен бұл ауқымды іс-шара Әулиеата өңірін әлемдік қауымдастыққа Грейг қызғалдағының тарихи отаны ретінде танытуға бағытталған.

Фестивальдің мақсаты – табиғи қызғалдақ алқаптарын сақтау бойынша шаралар қабылдау (өңірде геопарк құру), сондай-ақ қызғалдақтарды қорғау туралы ақпаратты кеңінен насихаттау арқылы облысқа келетін туристер санын арттыру.

Іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, мұндай бастамалардың дамуы өңірдің тұрақты өсуіне жаңа мүмкіндіктер ашатынын, инвестиция тартуға ықпал ететінін және облыстың халықаралық деңгейдегі туристік тартымдылығын арттыратынын атап өтті.

Сондай-ақ іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев қатысып:

«Табиғи мұраны сақтау – тек экологиялық міндет қана емес, сонымен қатар ұлттық бірегейліктің маңызды бөлігі. Жамбыл облысының қызғалдақтары – Қазақстанның бірегей байлығы, ал біздің ортақ мақсатымыз – осы қазынаны келер ұрпаққа жеткізе отырып, өңірдің туристік әлеуетін дамыту», – деп атап өтті.

Фестивальге сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ерболат Саурықов пен Мұқаш Ескендиров қатысты.

Фестиваль бағдарламасы тек табиғатты қорғау мәселелерімен шектелмей, ұлттық құндылықтар мен бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға бағытталды.

Іс-шара аясында «Қымызмұрындық» атты көне дәстүр жаңғыртылып, келушілерге дәстүрлі бауырсақтар таратылды, сондай-ақ халық шеберлерінің бұйымдарынан көрме-жәрмеңке ұйымдастырылды.

Мерекенің спорттық бөлігі күш пен ептіліктің нағыз бәсеке алаңына айналды. Фестиваль аясында ұлттық спорттың 8 түрі бойынша тартысты сайыстар өтті. Қатысушылар аударыспақ, қазақша күрес, садақ ату, асық ату, қол күресі, қошқар көтеру, арқан тарту және тазы жарысы сияқты жарыстарда бақ сынап, шараның ауқымын арттыра түсті.

Фестивальдің халықаралық маңызын Нидерланд Корольдігінен берілген ерекше сый – 40 000 дана қызғалдақ тұқымы айқындады. Бұл тұқымдар өңірдің биоалуантүрлілігін сақтау және болашақта туристік тартымдылығын арттыру мақсатында табысталды.

Отандық және шетелдік сарапшылар, ғалымдар мен халықаралық ұйым өкілдері қатысқан фестиваль өңірлік экономиканың дамуына, ғылыми-мәдени байланыстардың нығаюына және қазақстандық қызғалдақтарды әлемге танымал брендке айналдыруға ықпал ететін стратегиялық маңызды жобаға айналды.

Іс-шараның қорытындысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы аясында «Таза Қазақстан» акциясы өткізілді. «Ауыл» партиясы мен «Қазақ аналары – дәстүрге жол» ҚБ бірлесіп, аумақты ауқымды тазалау жұмыстарына отбасыларымен шықты.

Бұл бастама табиғатқа жанашырлықтың нақты үлгісіне айналып, жастар мен фестиваль қонақтары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын айқындады.

ПІКІРЛЕР
0