28 ақпан 2026
«Ауыл» - ақпарат
Шымкентте жастарға арналған «Auyl Jastary» семинары өтті

Шымкентте жастарға арналған «Auyl Jastary» семинары өтті

28 ақпан 2026Автор

28 ақпанда Шымкент қаласында ауылдық елді мекендерден келген белсенді жастардың қатысуымен, «Auyl Jastary» республикалық жастар қанатының төрағасы Даурен Рахымбектің модераторлығымен «Цифрландыру және жасанды интеллект» тақырыбында «Auyl Jastary» семинары өтті.

Семинардың негізгі мақсаты – алдағы жаңа Конституция жобасы бойынша референдумды талқылау, сондай-ақ пікір алмасуға арналған ашық диалог алаңын құру.

Іс-шараны ашқан «Ауыл» партиясы Орталық аппараты басшысының орынбасары Нурхат Ораш өз сөзінде бұл кездесу тек жаңа конституциялық бастамаларды талқылау ғана емес, сонымен қатар қоғам мен саяси институттардың ортақ ұстанымын қалыптастыруға бағытталған маңызды диалог алаңы екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы бастаған конституциялық реформа, сондай-ақ 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялануы ең алдымен жастарға бағытталған және олардың мүддесі үшін жүзеге асырылуда. Жаңа Конституция жобасына енгізілген идеялар мен құндылықтар жас ұрпақтың әлеуетін ашуға, олардың жан-жақты өзін-өзі дамытуына, өз идеялары мен бастамаларын іске асыруына, сондай-ақ жеке дамуы мен ел болашағы үшін өмірлік энергиясын тиімді пайдалануға жағдай жасауға бағытталған», – деді ол.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «Ауыл» партиясы фракциясы аппаратының басшысы Жазира Султанкулова «Ауыл» партиясы жаңа Конституция жобасын толық және сөзсіз қолдайтынын, оны елдің саяси және қоғамдық дамуы үшін, оның ішінде жастар мүмкіндіктерін кеңейту үшін маңызды қадам деп санайтынын атап өтті.

«Жаңа Негізгі заң жобасы азаматтар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардың ұсыныстарын жан-жақты талдау негізінде, сондай-ақ жастардың цифрлық және инновациялық болашағын қалыптастыру мүдделерін ескере отырып әзірленді. Жастардың қоғамдық-саяси процестерге қатысуы – мемлекеттің тұрақты дамуының маңызды факторы», – деді Ж. Султанкулова.

Шымкент қаласы «Ауыл» партиясы өңірлік филиалының төрағасы Ғани Қарабеков жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуы ел болашағының кепілі екенін атап өтті. Оның айтуынша, жастардың жаңа бастамаларын қолдау, олардың білім және технология саласындағы әлеуетін дамыту – заманауи қоғамды қалыптастырудың маңызды бағыты. Сонымен қатар ол конституциялық реформалар елдің тұрақты дамуына және жастарға жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталғанын айтты.

Семинар бөлімінде келесі спикерлер сөз сөйледі:

Алия Оразымбетова – «Киберқауіпсіздік, кибергигиена»;

Шохноза Халметова – «Жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану, табыс көздері, нейрожүйелер»;

Аққумар Бақытқызы – «Жасанды интеллектпен жұмыс істеу»;

Баянсұлу Төрегелдіқызы – «Бизнес саласында жасанды интеллектті қолдану ерекшеліктері».

Кездесу барысында жастарды шешім қабылдау үдерістеріне тарту мүмкіндіктері, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысу бастамалары, сондай-ақ жас буынның азаматтық белсенділігін арттыру мәселелері талқыланды.

Іс-шара жаңа идеяларды қолдауға, жастардың көшбасшылық әлеуетін ашуға және ел дамуына ықпал ететін әлеуметтік және кәсіпкерлік жобаларды іске асыруға жағдай жасауға бағытталды. Алаң қатысушыларды сындарлы диалогқа, тәжірибе алмасуға және нақты практикалық ұсыныстар қалыптастыруға біріктірді.

Жиынға белсенді жастар, студенттер мен волонтерлер қатысты. Қатысушылар жасанды интеллект мүмкіндіктері, оны күнделікті өмірде қолдану, цифрландыру үдерістері мен маркетингтегі рөлі туралы сарапшылардың баяндамаларын тыңдады.

Іс-шара «Quiz» форматындағы интеллектуалдық ойынмен аяқталып, қатысушылар сұрақ-жауап кезеңіне белсенді қатысып, өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.

«Auyl Jastary» семинары – жастар үшін жаңа мүмкіндіктер мен серіктестіктерге жол ашатын маңызды бастама.

ПІКІРЛЕР
0