19 ақпан 2026
«Ауыл» - ақпарат
Серік Егізбаев «QazaqGaz Aimaq» компаниясының ұжымымен кездесті

Серік Егізбаев «QazaqGaz Aimaq» компаниясының ұжымымен кездесті

19 ақпан 2026Автор

Елордадағы «QazaqGaz Aimaq» компаниясының орталық офисінде Жаңа Конституция жобасының экономикалық және әлеуметтік бағыттарына арналған ауқымды дөңгелек үстел өтті. Мәжіліс депутаты, «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшесі, «Ауыл» партиясының Төрағасы Серік Егізбаев әріптестерімен газ саласының мамандарымен жүздесіп, Ата Заңға енгізілмек өзгерістердің мән-жайын түсіндірді.

Басқосудың ерекшелігі – іс-шараға өзге аймақтардағы филиал қызметкерлері тікелей қосылым арқылы қатысып, еркін пікір алмасу арқылы толғандырған сауалдарына жауап алды.

«QazaqGaz Aimaq» АҚ – еліміздегі ең ірі газ таратушы операторлардың бірі. Қазіргі таңда кәсіпорында 6000-нан астам адам еңбек етеді. Сондықтан өндіріс адамдары үшін Жаңа Конституциядағы әлеуметтік кепілдіктер мен экономикалық реформалардың маңызы зор.

Жиын барысында Серік Егізбаев Конституцияның халықтық сипатына тоқталып, жаңа өзгерістер ел экономикасының тұрақтылығы мен қарапайым еңбек адамының құқығын қорғауға бағытталғанын атап өтті. Өз кезегінде газ саласының мамандары ел болашағы үшін жасалып жатқан құқықтық реформаларға қолдау білдіріп, өз ұсыныстарын ортаға салды.

ПІКІРЛЕР
0