Су ресурстары және ирригация министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының екінші кезеңін әзірледі, деп хабарлайды auylmedia,kz ведомствоға сілтеме жасап.
Жобада Солтүстік Аралдағы су деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтеру үшін Көкарал бөгетін реконструкциялау көзделген. Нәтижесінде су айдынының аумағын 3 913 шаршы шақырымға дейін, ал су көлемін 34 млрд текше метрге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Түркістан және Қызылорда облыстарындағы Арал-Сырдария бассейнінің ирригация жүйелерін жаңғырту және автоматтандыру бойынша 160-тан астам жобалау-сметалық құжат әзірлеп жатыр. Бұл жұмыстар суды тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп, үнемделген су көлемін Солтүстік Аралға бағыттауға жағдай жасайды.
Қазіргі уақытта жоба Халықаралық қаржы ұйымдарымен жұмыс жөніндегі үйлестіру кеңесінің қарауына ұсынылуда. Жобаны 2029 жылға дейін іске асыру жоспарлануда.
