Бүгін Көкшетау қаласында Ауыл партиясы бастамасымен және партия төрағасының орынбасары Қуаныш Сейтжановтың басшылығымен өңірлік филиал өкілдеріне арналған «Жаңартылған Конституция – тұрақты даму негізі» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өтті.
Іс-шара партияның конституциялық реформаларды қолдау және оларды өңірлік деңгейде жан-жақты түсіндіру бағытындағы жүйелі жұмысының жалғасы ретінде ұйымдастырылды. Семинардың негізгі мақсаты – жаңартылған Ата Заңның мазмұны мен маңызын кеңінен насихаттау, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту үдерістерін талқылау және құқықтық мәдениетті нығайту.
Жиын барысында қатысушылар Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясындағы негізгі өзгерістерді, олардың елдің саяси жүйесіне ықпалын, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктер теңгерімін жетілдіру мәселелерін кеңінен талқылады. Сонымен қатар, жергілікті өкілді органдардың құзыретін кеңейту, өңірлердің дербестігін арттыру және қоғамдық бақылау тетіктерін күшейту бағыттары сөз болды.
Семинарда конституциялық реформаларды өңірлерде іске асырудың практикалық қырларына ерекше назар аударылды. Өңірлік өкілдер ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімді тәсілдерімен бөлісіп, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғамдық белсенділікті күшейту мәселелерін талқылады.
Іс-шара аясында «Заң мен Тәртіп» және «Адал азамат» тұжырымдамалары құқықтық мемлекетті қалыптастырудың құндылықтық негізі ретінде қарастырылды. Қатысушылар заң үстемдігін нығайту, қоғамдық жауапкершілікті арттыру және мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді күшейту мәселелеріне басымдық берді.
Семинар-кеңес қорытындысы бойынша өңірлік деңгейде конституциялық реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға бағытталған ұсыныстар әзірленіп, партия құрылымдарының үйлесімді жұмысына баса назар аударылды.
