4 наурыз 2026
Агро-жаңалық
Көкшетауда 76 миллиард теңгеге ірі зауыт салынады

Көкшетауда 76 миллиард теңгеге ірі зауыт салынады

4 наурыз 2026Автор

Ақмола облысында ауқымды инвестициялық жоба – май экстракциялау зауытының құрылысы басталады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап auylmedia.kz хабарлайды.

Жобаны «Содружество Казахстан» ЖШС жүзеге асыруда. Жаңа жоғары технологиялық кәсіпорын майлы дақылдарды: күнбағыс, рапс, соя және зығырды терең өңдеумен айналысады.

Ведомство мәліметінше, зауыттың қуаттылығы тәулігіне 3 мың тонна шикізатты құрайды, бұл жылына шамамен 1 миллион тонна өнімді өңдеуге мүмкіндік береді. Кәсіпорын жыл сайын 300 мың тоннаға дейін өсімдік майын және 400-ден 500 мың тоннаға дейін шрот пен күнжара шығарады деп күтілуде.

Жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 76 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Өндірістің іске қосылуы 400-ге дейін жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Компания директоры Александр Самойловтың айтуынша, зауыт нарықтағы негізгі ойыншыға айналуы тиіс.

«Біздің кәсіпорын өңірді сапалы өсімдік майымен, сондай-ақ құс шаруашылығы мен мал шаруашылығында үлкен сұранысқа ие жанама өнімдер – шрот және күнжарамен қамтамасыз етеді», – деп атап өтті ол.

Жобаны іске асыру мерзімі 18-ден 36 айға дейін созылады. Ауыл шаруашылығы министрлігі зауыттың ашылуы Қазақстанның май-тоңмай саласын дамытудағы және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің заманауи инфрақұрылымын құрудағы маңызды қадам болатынын алға тартты.

ПІКІРЛЕР
0