28 қаңтар 2026
Агро-жаңалық
Фермерлер сұранысы: ауыл шаруашылығына шетелдік жұмыс күшін тарту тетіктері

Фермерлер сұранысы: ауыл шаруашылығына шетелдік жұмыс күшін тарту тетіктері

28 қаңтар 2026Автор
Фермерлер сұранысы: ауыл шаруашылығына шетелдік жұмыс күшін тарту тетіктері

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев миграциялық саясаттың әрдайым теңгерімді болуы, ұлттық еңбек нарығының мүдделерін ескеруі және елдің экономикалық дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығына қызмет етуі тиіс екенін бірнеше рет атап өтті. Мемлекет басшысы 2025 жылы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің екінші форумында сөйлеген сөзінде аграрлық салада жұмыс күшіне сұраныстың жоғары екенін ескере отырып, еңбек мигранттарына арналған квоталарды ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды тапсырған болатын.

Мәжілістегі «Ауыл» фракциясы депутаттарының өңірлерге жасаған жұмыс сапарлары барысында Атырау және Ұлытау облыстарындағы шаруаларының өтініштері бойынша, сондай-ақ Қарағанды мен Түркістан облыстары фермерлерінің жеке жүгінулері негізінде, «Ауыл» партиясы ауыл шаруашылығы саласына еңбек мигранттарын тарту мәселесіне ден қойып, шешімін қарастыруға кірісті. Осы бағытта партия шетелдік жұмыс күшін тарту рәсімдерін жеңілдетуге және әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған заңнамалық өзгерістерді талқылау мен ілгерілету мәселесіне назар аударды.

Партия төрағасы Серік Егізбаев жетекшілік ететін Мәжілістегі «Ауыл» партиясының фракциясы және Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті проблемаларды, соның ішінде еңбек миграциясына қатысты түйткілдерді тұрақты түрде көтеруде. Депутаттық фракция мен профильді комитеттің жұмысы ауыл шаруашылығы саласының нақты қажеттіліктерін ескеретін, икемді әрі салалық бағытталған миграциялық саясат қалыптастыруға бағытталуда. Бұл мәселе аталған комитет отырыстарының күн тәртібінде бірнеше мәрте негізгі тақырыптардың бірі болды.

Бүгін Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің кезекті отырысында да күн тәртібінде шетелдік жұмыс күшін тартуға және рұқсаттарды ұзартуға байланысты алым-салық мөлшерлемелері қаралды. Бұл «Ауыл» партиясы депутаттарының өңірлердегі фермерлердің сұранысын ескеріп, олардың мәселелеріне жедел әрекет ету қадамының нақты көрінісі.

Комитет отырысына қатысқан Қарағанды облысынан Олжас Омаров пен Түркістан облысынан Төрегелді Қалмұратов шетелдік жұмыс күшін (мысалы, Өзбекстаннан) тарту үдерісінің тым күрделі әрі бюрократияға толы екенін атап өтті. Рұқсат алу рәсімдері ұзақ уақытты талап етеді және фермерлерге үлкен әкімшілік жүктеме түсіреді. Бұдан бөлек, шетелдік жұмыс күшіне қарастырылған квоталарда механизатор, комбайнер секілді т.б аса маңызды мамандықтардың ескерілмеуі жағдайды одан әрі қиындатып отыр.

Айта кетерлігі, Қазақстан жыл сайын ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квоталардың нақты санын белгілейді. 2025 жылы маусымдық шетелдік жұмысшылар атқара алатын мамандықтар тізбесі кеңейтілуіне байланысты жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің 0,25 пайызы көлемінде, яғни 19,4 мың адам болып бекітілді.

Соған қарамастан, ауыл шаруашылығы саласында, әсіресе маусымдық жұмысшылар мен білікті мамандар — механизаторлар, комбайнерлар, жұмысшылар жетіспеушілігі өткір сезілуде.

Мысал ретінде, 2025 жылы Қазақстанға келген еңбек мигранттарының жалпы саны 324 мың адамды құраса, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласына тартылғаны бар болғаны 3,4 мың адам ғана. Бұл аграрлық сектордың шетелдік жұмыс күшін пайдалану құрылымындағы үлесінің тым төмен екенін көрсетеді.

Агрокомитет отырысында еңбек мигранттарына жұмысқа рұқсат беру кезіндегі бюрократиялық кедергілерді азайту, салалық қажеттіліктерді ескере отырып квоталарды қайта қарау, алым мөлшерлемелерін төмендету, маусымдық және білікті ауыл шаруашылығы жұмысшылары үшін рұқсат алу рәсімдерін жеңілдету сияқты т.б өзекті мәселелер қызу талқыланды. Депутаттардың мигранттарды тіркеуді жеңілдету, «бір терезе» қағидатын енгізу және ауыл шаруашылығы үшін жарна мөлшерін азайту жөніндегі ұсыныстары уәкілетті органдар өкілдері тарапынан қолдау тапты.

Қызу талқылау нәтижесінде жинақталған ұсыныстарды тиісті министрліктерге жолдап, жазбаша ресми жауаптар алу туралы шешім қабылданды. Одан соң, алдағы уақытта бұл мәселеге қайта оралу жоспарланып отыр.


ПІКІРЛЕР
0