Бүгін Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Қараспан елді мекенінде ауылдық білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруді көздейтін «Адал азамат: ауыл мектебінің келешегі» тақырыбында семинар-тренинг өтті.
Бұл жоба Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен, «Ауыл» партиясының және Түркістан облысы әкімдігінің бірлескен бастамасымен жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында «Адал азамат» тұжырымдамасын негізге ала отырып, әділетті қоғамның негізін интеллектуалды әрі жауапкершілігі жоғары ұрпақ қалайтынын баса атап өтті.
Іс-шараның ашылу салтанатында Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Қалдыкөзұлы Орынов ауыл мұғалімдерінің стратегиялық маңызына тоқталды:
«Ауыл мектебі – ұлттың ұясы, ал оның тірегі – ұстаз. Біздің басты мақсатымыз – Түркістанның әрбір ауылындағы білім сапасын халықаралық деңгейге көтеру. Бүгінгі семинар мұғалімдерімізге заманауи технологияларды игертіп, балаларымыздың бәсекеге қабілетті болуына жаңа жол ашады. Облыс басшылығы білім беру саласындағы кез келген озық бастаманы әрқашан толық қолдайды», - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, Түркістан облысы, Ордабасы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Турнияз Илияс Еркінұлы құттықтау сөз сөйлеп, аталған бастаманың өңір үшін маңыздылығын атап өтті. Ол ауыл мектептерінің дамуы – ел болашағына салынған инвестиция екенін айтып, ұстаздарға шығармашылық табыс пен кәсіби жетістік тіледі.
Жиын барысында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Айгерім Сарсенбаева отбасы құндылықтары мен ауыл баласының қауіпсіздігіне тоқталды: «Әрбір баланың тағдыры - ұлттың ертеңімен тікелей байланысты. Біздің бұл жобамыз ҚР Президенті жанындағы Ұлттық комиссияның басты басымдықтарымен, соның ішінде отбасы институтын нығайту және бала құқығын қорғау міндеттерімен толық үндеседі. Біздің мұратымыз – балаға тек білім беріп қана қоймай, оны заманауи қатерлер мен тәуекелдерден қорғайтын рухани қалқан қалыптастыру. Ауыл мектебі – бұл жай ғана ғимарат емес, бұл – бүкіл ауылдың берекесі мен сенімі ұялаған қасиетті мекен. Әрбір ауыл баласына сапалы білім алуға жол ашу және оның қауіпсіз ортада өсуін қамтамасыз ету – біздің ортақ парызымыз әрі басты жеңісіміз», – деп атап өтті ол.
Ал «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қуаныш Сейтжанов ауыл мұғалімдерінің қоғамдағы мәртебесі мен партияның ұстанымын жеткізді: «Ауыл мұғалімі – мемлекетіміздің интеллектуалды қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және «Әділетті Қазақстанның» жаңа бейнесін қалыптастыратын негізгі тұлға. «Ауыл» партиясы үшін ауыл мектептерін қолдау – бұл жай ғана салалық жоба емес, бұл – ұлттық адами капиталдың сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық миссия. Біздің мақсатымыз – ауыл ұстазының кәсіби біліктілігін заман талабына сай шыңдай отырып, оның қоғамдағы ең биік мәртебесін заң жүзінде де, іс жүзінде де қамтамасыз ету. Ауыл мектебі мықты болса – мемлекетіміз де мықты болады», – деп түйіндеді ол.
Семинардың күн тәртібі тек теориямен шектелмей, заман талабына сай ең өзекті тақырыптарды қамтыды. «Білім берудің жаңа парадигмасы: құндылық, сапа және даму» тақырыбындағы пленарлық отырыста «Qazaq Digital Mektebi» жобасы мен цифрлық технологияларды оқу үдерісіне енгізу мәселелері қызу талқыланды.
Жиынның екінші бөлімінде қатысушылар төрт секцияға бөлініп, төмендегідей маңызды бағыттар бойынша тәжірибе алмасты:
Әлеуметтік тәуекелдермен күрес: Балалардың гаджеттерге тәуелділігі мен лудоманияның алдын алу;
Цифрлық сауаттылық: Оқу үдерісінде Жасанды интеллект (AI) мүмкіндіктерін тиімді пайдалану;
Киберқауіпсіздік: Мұғалім мен оқушының виртуалды кеңістіктегі қауіпсіздік мәдениеті;
Жаһандық білім: Ауыл мұғалімдері мен түлектеріне арналған халықаралық бағдарламалар мен басқарудың икемді (Agile) тәсілдері.
Ауыл мектебінде өткен бұл семинар-тренинг – ауыл мектебінің жай ғана білім ордасы емес, заманауи технологиялар мен ұлттық құндылықтар тоғысқан үлкен орталыққа айнала алатынын дәлелдеді. Жиын соңында қатысушылар (барлығы 200 адам) ауылдық білім сапасын арттыру бойынша нақты ұсыныстар жиынын әзірледі.
