Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің Жастар форумы өтті, деп хабарлайды auylmedia.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Халықаралық іс-шараға Қазақстан атынан ҚР МАМ Жастар және отбасы істері комитетінің, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының өкілдері және республикалық жастар ұйымдарының көшбасшыларынан құралған делегация қатысты. Қатысушылардың арасында «Ауыл жастарының» төрағасы Дәурен Рахымбек бар.
Форум 2030 жылға дейінгі тұрақты даму мақсаттарын ілгерілетуге бағытталған маңызды халықаралық алаңдардың бірі саналады.
Бағдарлама аясында пленарлық отырыстар, тақырыптық пікір алмасулар мен өңірлік кездесулер өтіп, онда жастардың қоғам дамуына ықпалы, жаңа бастамаларды ілгерілету және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері сөз болды.
Қазақстанның форумға қатысуы мемлекеттік жастар саясатын дамытуға, халықаралық тәжірибе алмасуға және жастардың жаһандық бастамаларға белсенді араласуын арттыруға бағытталды.
