18 ақпанда жергілікті партия филиалының төрағасы Ғани Қарабековтің төрағалығымен «Ауыл» партиясының Шымкент қалалық өңірлік филиалының кеңейтілген отырысы өтті. Кездесудің басты тақырыбы – жаңа Конституция жобасы бойынша алдағы референдум болды.
Отырыс жұмысына партияның өңірлік филиалының саяси кеңес мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, партия белсенділері, «Ауыл» жастар қанатының мүшелері, сарапшылар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынға қатысушылар еліміздің негізгі заңына ұсынылған өзгерістер пакетін талқылады. Әсіресе, ауылдық аймақ тұрғындары мен агроөнеркәсіп секторының мүдделеріне қатысты мәселелерге баса назар аударылды. Партия мүшелері конституциялық реформа жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтуға және азаматтарды әлеуметтік қолдау тетіктерін кеңейтуге бағытталғанын атап өтті.
«Жаңа Конституция – бұл ауылдарымызды сапалы дамытудың және өңірдің аграрлық әлеуетін нығайтудың негізі. Өзгерістер ауыл тұрғындарына мемлекетті басқару ісіне белсенді араласуға мүмкіндік береді және саяси процестердің ашықтығын қамтамасыз етеді», – деді «Ауыл» партиясы фракциясы аппаратының жетекшісі Ж. Сұлтанқұлова.
Кеңейтілген отырыс қорытындысы бойынша филиалдың бірыңғай ұстанымы әзірленді. Шымкенттік партиялықтар мемлекеттік реформалар бағытын қолдап, алдағы референдумның маңыздылығын түсіндіру үшін халық арасында кең ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізуге дайын екендіктерін білдірді.
Бұл реформалар демократиялық институттарды дамытудың және ел тұрғындарының әл-ауқатын арттырудың жаңа кезеңі болады деп күтілуде.
